Бизнес и экономика

Қазақстанда инфляцияның үдеуіне қандай факторлар әсер етті?

Қазақстанда инфляцияны коммуналдық қызметтердің ақысы тудырып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы белгілі бір турбуленттілікті бастан кешіріп отыр. Осы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша елімізде инфляция қайтадан үдеп, 12,9%-ға жетті. Бұл соңғы 25 айдағы ең жоғары көрсеткіш.

Аймақтар бойынша бағаның шарықтауы Қарағанды (14,9%-ға), Ұлытау (14,4%-ға), Солтүстік Қазақстан (13,6%-ға), Ақтөбе (13,5%-ға) және Батыс Қазақстан (13,5%-ға) облыстарында тіркелді. Еліміздегі 20 өңірдің 11-інде инфляция орта республикалық көрсеткіштен асып кетті.

Ең жоғары инфляция өнеркәсіптік және энергияға тәуелді өңірлерде тіркелді — бұл өңірлерде коммуналдық қызмет пен отын шығыны бюджеттің айтарлықтай бөлігін құрайды.

Қазақстандағы бағаның өсуіне не себеп болып отыр?

Қоғамда кейбір топтардың арасында елдегі инфляцияның қарқыны қаржы секторы мен цифрлық сервистердің, соның ішінде маркетплейстердің дамуына байланысты деген пікір бар. Десе де, статистика мен тұтыну құрылымы бұл байланысты растамайды: инфляцияның шынайы себептері жасырын күйінде қалып отыр, себебі олар экономиканың құрылымдық мәселелерін әшкерелейді.

Айта кетерлігі, бүгінде Қазақстандағы бағаның рекордтық өсуі базалық және жергілікті факторлармен түсіндіріледі — азық-түлік, коммуналдық қызметтер, отын және киім бағасы (бұл тақырыпқа толығырақ тоқталамыз). Ал қазіргі уақытта кеңінен қолданылатын қаржылық құралдар — бөліп төлеу жүйелері, тұтынушылық кредиттер мен цифрлық сервистер инфляцияға аз әсер етеді, бұл ҚР Ұлттық банкі жүргізген сауалнамалармен де расталады (осы мәселелерді де егжей-тегжейлі қарастырамыз).

Елдегі бағаның өсуіне нақты себептер көп — ішкі де, сыртқы да себептер. Әрқайсысын жеке-жеке қарастырамыз.

Қызмет көрсету саласы — инфляциялық қысымның басты көзі

Бірнеше жылдан бері инфляцияның өсуіне негізгі үлесті қызмет көрсету саласы қосып келеді. Мысалы, 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстанда ақылы қызметтердің бағасы 15,3%-ға қымбаттады — бұл басқа құрамдас бөліктермен салыстырғанда, ең жоғары көрсеткіш. Мұның басты себебі — реттелетін коммуналдық қызметтер мен нарықтық сервистердің қымбаттауы.

Естеріңізге салсақ, Қазақстанда «Тарифті инвестицияға айырбастау» тарифтік саясаты жүзеге асырылуда, оның аясында коммуналдық қызметтердің құны өседі. Мысалы, қыркүйек айында тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және басқа отын түрлерінің бағасы орта есеппен 17,4%-ға қымбаттады, бұл елдегі орташа инфляция деңгейінен 4,5 пайыздық тармаққа жоғары.

2024 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда, коммуналдық қызметтердің жеке түрлерінің бағасы:
• суық су — плюс 84,3%;
• су бұру — плюс 34,6%;
• орталық жылу беру — плюс 19,2%;
• ыстық су — плюс 17,3%;
• электр энергиясы — плюс 17,7%;
• таралу желілері арқылы берілетін газ — плюс 28,3%;
• қоқыс шығару — плюс 10,9%.

Осылайша, коммуналдық қызметтердің жылдық инфляцияға қосқан үлесі 1,9 пайыздық тармаққа жетті. Бұл сегмент үшін тарихи тұрғыдан ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады: мысалы, 2019 жылы коммуналдық қызметтерде керісінше дефляциялық әсер байқалып, бағалар төмендеді немесе өзгеріссіз қалды. Сол себепті қазіргі баға өсімі халық пен экономика үшін айқын сезіледі.

Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің қымбаттауы инфляцияға екі жақты әсер етеді. Бір жағынан, бұл азаматтардың бюджетіне салмақ салады. Екінші жағынан, бұл шығындық инфляцияның (Cost-Push Inflation) классикалық мысалы: тарифтердің өсуі барлық экономикалық секторда өндірістік және логистикалық шығындарды арттырады — сауда мен көліктен бастап өнеркәсіпке дейін, себебі электр энергиясы, су және жылу көптеген тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнына кіреді. Мұндай процесс мультипликативті әсерге ие, бағаның барлық экономикалық сатыларда өсуіне ықпал етеді.

Азық-түлік себеті және импорттың азық-түлік бағасына әсері

Азық-түлік те инфляцияға үлес қосатын тауарлар қатарына жатады. Мысалы, биылғы жылғы қыркүйекте азық-түлік бағасы 12,7%-ға өсті, ал олардың инфляцияға үлесі — 5 пайыздық тармаққа, яғни 38,9%-ға тең. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) деректеріне сәйкес азық-түлік инфляциясын негізінен ет өнімдері құрайды — сиыр, қой, жылқы және құс еті: бұл — шамамен 2 пайыздық тармақ немесе азық-түлік инфляциясының шамамен 40%-ы. Сондай-ақ азық-түлік инфляциясын арттырған өнімдер қатарына майлар, сүт өнімдері және басқа да әр отбасы үшін күнделікті қажетті дүкен және базар тауарлары кірді.

Қазақстанда азық-түліктің қымбаттауының негізгі себептері:
• Егін өнімінің және жалпы жиналымның төмендеуі. Құрғақшылық пен суару мәселелері өз әсерін тигізуде. Сонымен қатар, бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанда бірнеше жыл қатарынан жеміс-жидектің жалпы жиналымы азайып келеді. Тек 2024 жылы 9,5%-ға төмендеді.
• Көптеген азық-түлік өнімдерінің, соның ішінде көкөніс пен жемістердің импортқа тәуелділігі сақталуда. Бұны біз бұрын да бірнеше (123) рет атап өткен едік. Маңыздысы — импорттық құрам инфляцияға әсер ете отырып, теңге бағамына тәуелділікті күшейтеді, бірақ бөлшектеп төлеу немесе маркетплейстермен ешқандай байланысы жоқ, яғни бұл — монетарлық емес сыртқы инфляция. Қарапайым тілмен айтсақ, әлсіз теңге шетелден әкелінетін азық-түлік өнімдерін қымбаттатады. Валюталық айырмадан басқа, азық-түлік бағасының жаһандық деңгейде өсуі де маңызды фактор болып табылады. FAO деректері бойынша 2025 жылғы маусымда әлемде азық-түлік бағасы 28%-ға өскен.
• Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнімдерін өндірушілердің шығындарының өсуі. Отын, коммуналдық қызметтер (соның ішінде электр энергиясы), тыңайтқыштар, жанар-жағармай, техника және логистика құнының қымбаттауы өндірістің барлық шығынын арттырады, бұл соңғы өнім бағасына әсер етеді.

Биылғы жылғы қыркүйекте инфляцияның жалпы динамикасына елеулі үлес қосқан басқа санаттар мен жеке өнімдерді де атап өтейік:
• денсаулық сақтау саласындағы тауарлар мен қызметтер (ауруханалар, клиникалар қызметтері және фармацевтика өнімдері) — 1,5 п. т.;
• киім-кешек және аяқ киім — шамамен 1 п. т.;
• көлік қызметі — 0,85 п. т.;
• демалыс және мәдениет саласындағы қызметтер — 0,3 п. т.;
• басқалары.

Арнайы назар аударуға тұрарлық сала — денсаулық сақтау, ол Қазақстандағы инфляцияның тұрақты көздерінің бірі болып отыр. Негізгі себеп — жоғары импортқа тәуелділік, ол 85%–95%-ды құрайды: дәрі-дәрмектердің, медициналық құрал-жабдықтар мен қолданылатын материалдардың басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Сол себепті валюталық бағам мен әлемдік бағаның кез келген өзгерісі дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтердің бөлшек бағасына тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар клиникалардың операциялық шығындары (коммуналдық төлемдер, жалақы, жалға алу және жабдыққа қызмет көрсету құны) өсуде, бұл тиісінше емдеу құнын арттырады. Медициналық қызметтерге сұраныс тұрақты болғандықтан, халық бағалар өссе де емделуден бас тарта алмайды — бұл сала инфляцияға құрылымдық түрде ықпал етеді және оны бақылау қиын. Импортқа тәуелділік пен ішкі шығындардың өсуі денсаулық сақтау саласын елдегі инфляциялық қысымға ең сезімтал салалардың бірі етті.

Салық реформасы, оның ішінде ҚҚС мөлшерін көтеру

Ағымдағы жылы бағаның өсуіне жоспарланып отырған салық реформасына байланысты инфляциялық күтілімдердің артуы қосымша фактор ретінде әсер етті. Соның салдарынан азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы да көтерілді.

Айта кетерлігі, респонденттердің арасында баға өсуін қабылдауға ең көп ықпал ететін факторлар ретінде мыналар көрсетілген:
• дүкендердегі азық-түлік бағасының өзгеруі;
• коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасының өзгеруі;
• айырбастау бағамының өзгеруі;
• жалақы мен зейнетақының өсуі;
• ҚҚС мөлшерін көтеру;
• сыртқы жағдайлар және басқалары.

Инфляцияға ықпал етпейтін немесе аз әсер ететін жағдайлар қандай?

Материалдың басына оралайық, онда біз бөліп төлеу жүйелері мен цифрлық сервистердің инфляцияға аз әсер ететінін, кей жағдайларда тіпті керісінше, дефляциялық әсер тудыруы мүмкін екенін атап өттік. Енді түсіндіріп өтейік.

ҰСБ деректері бойынша Қазақстанның инфляция құрылымында қызмет көрсету мен азық-түлік тауарларының үлесі шамамен 75%-ты, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың үлесі тек 25%-ды құрайды, олардың ішінде бөліп төлеу арқылы сатып алынатын тауарлардың үлесі 3%–5%-тан аспайды (сарапшылардың бағалау пікіріне сәйкес). Неліктен азық-түлікке жатпайтын тауарлар? Себебі, осы тауарларды көбіне бөліп төлеу арқылы немесе кредитке сатып алады. Тіпті бөліп төлеу сатылымы 30%-ға өссе де, жалпы инфляция деңгейіне әсері статистикалық және экономикалық тұрғыдан аз — 0,1–0,2 пайыздық тармақты ғана құрайды. Сондай-ақ бұл құралдардың танымалдығына қарамастан, олар бағаға ұзақ мерзімді қысым жасамайды. Себебі қарапайым: бөліп төлеу жүйесі тек бар сұранысты уақыт бойынша бөледі, яғни тауарлар тапшылығын арттырмайды. Талдауды тереңдетсек, сұраныс инфляциясы (Demand-Pull Inflation) жалпы сұраныс жалпы ұсыныстан асқан кезде туындайды. Бөліп төлеу жүйесі халықтың табысын арттырмайды, тек сатып алуды ерте жасауға мүмкіндік беріп, болашақтағы сұранысты қазіргі уақытқа жылжытады. Ұзақ мерзімде жалпы сұраныс өзгеріссіз қалады, сондықтан бағаға тұрақты монетарлық қысым жоқ.

Цифрлық сервистерге, соның ішінде маркетплейстерге келетін болсақ, тәжірибеде олар инфляциялық қысымды бәсеңдетуге көбірек ықпал етеді. Өндірушілер мен ірі дистрибьюторлар, әсіресе, техника мен электроника сегментінде минималды бөлшек бағаларды сақтайды және оларды бір уақытта көтереді. Алайда маркетплейстерде шағын және орта бизнес сатушылары бәсекелесуге мәжбүр болады, ал осы бәсеке тауарлардың орташа құнын төмендетіп, тұтынушы секторында дефляциялық әсер тудырады.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстандағы ағымдағы инфляция негізінен монетарлық емес (ақшалай емес) сипатқа ие. Бағаның өсуіне артық ақша массасы немесе белсенді кредит беру емес, халық күнделікті жұмсайтын негізгі шығындардың — азық-түлік, коммуналдық қызметтер, отын, көлік және медицина салаларының — қымбаттауы әсер етеді. Мұндай жағдайда мөлшерлемелер, кредит беру және бөліп төлеу сияқты қаржылық құралдар бағаны тұрақтандыруда шектеулі рөл атқарады, себебі бағаның өсуінің түпкі себебі сұраныста емес, өндіріс пен жеткізу жүйесінде жатыр.

Қорытындыласақ, инфляцияның негізін коммуналдық қызметтер мен қазақстандықтардың күнделікті негізгі — азық-түлік, киім-кешек, отын шығындары құрайды. Бұл — қазақстандықтардың күнделікті өмірде тұтынатын тауарлары мен қызметтері: базардан немесе жақын маңдағы дүкеннен алынған заттар, электр энергиясы мен жылу ақысы, жанармай шыығындары. Табыстың басты бөлігі осы қажеттіліктерге жұмсалады және төлем дебеттік картамен немесе қолма-қол жасалады.

Айта кетерлігі, ЕАЭО және Орталық Азия елдері арасында Қазақстандағы инфляция деңгейі ең жоғары болып қала береді. Сонымен қатар ол аймақтағы басқа елдерден айтарлықтай асып түседі: Қазақстан инфляция бойынша жалпы Азияда ең төмен көрсеткішке ие 5 елдің қатарында, ал әлемде ең төмен көрсеткішке ие 15 елдің қатарында.

Мысалы, Ресейде соңғы деректер бойынша инфляция деңгейі 8,1%-ды құрады (бес ай бойы тұрақты түрде төмендеу байқалады), Өзбекстанда — 8%, Қырғызстанда — 9,5%, Беларусьте — 7,1%, Арменияда — 3,7%, Тәжікстанда — 3,1%.

Дамыған елдерде инфляция деңгейі көбіне 2%-дан аспайды. Мысалы, Францияда инфляция 1,2%-ды, Италияда 1,6%-ды, Канадада 1,9%-ды, Сингапурда 0,5%-ды, ал жалпы Еуроодақ бойынша 2,4%-ды құрады. Мына елдердің инфляция деңгейіне назар аударайық: Қытайда (минус 0,4%), Оңтүстік Кореяда (2,1%), Үндістанда (2,07%), Индонезияда (2,65%), ОАР-да (3,3%) және Бразилияда (5,17%).

Айта кетерлігі, Қазақстанның көрші елдерден басты ерекшелігі — коммуналдық секторды тікелей субсидиялау арқылы емес, тұтынушыларға тарифтерді көтеру арқылы қолдайды. Бұл мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты жеңілдетеді, бірақ бағаның тұрақты түрде жоғары қалыптасуына ықпал етеді, себебі тарифтердің өсімі тауар мен қызметтердің өзіндік құнына тікелей әсер етеді.

Источник
finprom.kz

Статьи по Теме

Кнопка «Наверх»